Жарқын күлкі – ашылған гүл, Көтеріңкі көңіл – төгілген нұр.

18 марта 2022

Әлемді жайлаған пандемия соңғы екі жыл бойы ару көктем мерекесін атап өтуге мүмкіндік бермеді. Осы себепті болар, биылғы жылы «Астана-АЭК» АҚ-дағы Наурыз өзінің әсемдігімен, ауқымдылығымен және қатысушылар санымен ерекшеленді. Іс-шараны ұйымдастырушы  компанияның кәсіподағы болды.  Мереке күні жұмыскерлер мен  келген тұтынушылар  Наурыз көже, бауырсақ пен палаудың дәмін татты. Бұл тағамдарды кәсіподақпен бірге компания басшылығы мен асхананы жалға алушылар дайындады.     

Таңертеңнен аулада ұлттық ойындар ойналып, арқан тарту, гір көтеру және қой көтеру сияқты сайыстар өтті. Электр берудің әуе желілері қызметі арқан тартудан жеңімпаз болса, аппаратураны, релелік қорғаныс және автоматиканы жөндеу жөніндегі электрмонтер Бекбауов Дәулет Айбекұлы қой көтеруде алдына жан салмады. Гір көтеруде кәсіпорын диспетчері Жақыпов Ермек Құрманбайұлы 1-орынды, электр энергиясын тұтынуды бақылау қызметінің учаске шебері Бостанбаев Асылбек Ерденбекұлы 2-орынды, кабельді желілер қызметі бастығының орынбасары Қапаров Бауыржан Айжанұлы 3-орынды иемденді.

Негізгі мереке кәсіпорын асханасында өтті. Үздік үстел мәзірі байқауына барлық бөлімшелерден 12-команда қатысты. Барлық қатысушыларға сәлемдесу, өз үстелін таныстыру, ұлттық киімдер немесе оның элементтерін, өнерлерін (салт-дәстүр, би, ән, өлең оқу, т.б.) көрсетіп,   ұлттық тағамдарды даярлау керек болды. Комиссияға жеңімпаздарды таңдау өте қиынға соқты.   Қатысушы командалар бай дастарқанымен, әдемі ұлттық киімдерімен, өнерлерімен ерекшеленді. Дегенмен жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды метрология, даму, механизация және көлік қызметтерінің командасы жеңіп алды. Екінші орында  электр энергиясын есептеу және есеп айырысу  қызметі мен ЭКЕАЖҚ. Шаруашылық қызмет көрсету бөлімі үшінші орынды иемденді.

Ең үздік Наурыз көже сайысында  комиссияның бірауызды шешімімен аудандық электр желілері және әуе желілері қызметінің  командасы жеңімпаз атанды. Наурыз мерекесіне белсене қатысқаны үшін кабель желілері қызметі мен электр энергиясын тұтынуды бақылау қызметі марапатталды.              

 Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу аясында ресми бөлімде марапаттау рәсімі өтті. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын дамытуға сіңірген еңбегі үшін бас инженер Абжанов Руслан Төлегенұлы   «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» құрметті атағына ие болды.   

Интеграциялық процестерді кеңейтуге және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін диспетчерлік қызметтің операторы Авдеева Надежда Александровна   ТМД-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Біздің ұйымда осы салада 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп,   зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлер бар. Олар электр энергетикасы саласының дамуы мен өсуіне елеулі үлес қосқан жандар. Осыған байланысты адал еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Парфенов Василий Никифорович және Майоров Виктор Иванович марапатталды.  

Наурыз жер бетіндегі ең көне мерекелердің бірі болып саналады. Ежелгі түріктер Наурызды дұрыс қарсы алса, сәттілік бір жыл бойы серік болады деп сенген.   

«Астана-АЭК» АҚ жаңа жылда баршаңызға оң өзгерістер, жаңа жетістіктер, игі бастамалар тілейді! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!