ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ РУХЫ ЕСЕДІ

27 января 2021

Қонақтар мекеменің табалдырығын аттамай тұрып Елбасы кітапханасы жаңа музейінің сәулетін жоғары бағалап, ғимараттың кез келген жыл мезгілінде көз тартарлық қасиетін белгіледі. Серуенге арналған музей айналасындағы парк аймағы да меймандардың оң пікіріне ие болды.

Экскурсия Мәңгілік ел идеясының қалай пайда болып, қалай іске асқанын суреттейтін бейне-саяхаттан басталды. Мейман жеті экспозициялық залды аралап, заманауи мультимедия технологияларымен жабдықталған топтамаларға үңілді.

– Экскурсияны жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан Елбасы кітапханасының ұжымына алғысымды білдірсем деймін. Халықты ақпаратпен қамтамасыз еткен абзал. Мемлекет тарихына келгенде бұл үдеріс айрықша маңызды. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қарқынды даму жолына қарап Елбасының еңбегін ұғынасың. Оны құжаттар, суреттер, шет мемлекеттердің марапаттары дәйектеп тұр. Осы тұста музейдің өскелең ұрпақ дүниетанымын қалыптастырудағы маңыздылығы айқындалады, - деді «Астана-АЭК» АҚ өндіріс басқармасы төрағасының орынбасары Абзал Сембеков.

Экспозициялардың ауқымы, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның жетістіктерін бейнелейтін деректер келушілерді тәуелсіз мемлекеттің шежіресімен таныстырады. Бүгінде Елбасы кітапханасының музей қоры 11 мыңнан астам сақтау бірлігін құрап отыр. Олардың бәрі әлемнің 50 елін қамтиды.

– Ел тарихының жаңа беттерін парақтадым. Музейдің ақпараттық базасы мен жәдігерлердің молшылығы таң қалдырды. Әсіресе сан алуан мемлекеттің Елбасыға тарту еткен марапаттары үлкен әсер қалдырды. Олардың әрқайсы Қазақстанның әлем алдындағы беделі қалай түрленіп отырғанын сипаттайды. Бұл деректерді оқушылардың да, ересектердің де білгені абзал. Еліміздің әр азаматы бұл мәдени ордамен танысуы тиіс. Одан тәуелсіздіктің рухы еседі, - деді «Астана-АЭК» АҚ инженері Ғабиден Гауанов.

Дереккөз: http://presidentlibrary.kz/kk/news/tuelsizdiktin-ruhy-esedi