Әдебиет Садықұлы Байтанатовтың «Астана-АЭК» АҚ-дағы еңбек жолы 1996 жылдан Электр берілістерінің желілері қызметінде үлестіру желілерін пайдалану шебері ретінде басталды. Жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын және өз міндеттерін сапалы орындайтын маман ретінде танылып, учаскенің аға шебері, кейін Электр берілістерінің желілері қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған. Бүгінгі таңда Алматы АЭЖ-нің 1-санатты инженері болып жұмыс істейді.
Инженер-энергетик – энергетикалық қамту жүйелерін әзірлеумен, өндірумен және пайдаланумен айналысатын маман. Әдебиет Садықұлы – өз кәсібін мақтан тұтатын, қызығы мен жауапкершілігі мол жұмысына шын ниетімен адал берілген жан. Ізін басып келе жатқан жастарға білгенін үйретіп, жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп жүреді. Жаңадан келген электрмонтерлерге кез келген жұмысты дұрыс әрі қауіпсіз орындау жолдарын көрсетеді. Білікті энергетик ретінде жас электрмонтерлерді тәрбиелеуге белсенді ат салысады. Оның шәкірттері білімді, шебер мамандар қатарынан табылып жүр.
2011 жылы Қазақстан Энергетика қауымдастығының Құрмет грамотасымен, ал 2017 жылы EXPO көрмесіне үлес қосқаны үшін кәсіпорынның алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылы Қазақстан Энергетика қауымдастығының Еңбек сіңірген энергетигі атағына ие болды.
Әдебиет Садықұлы: «Бүгінде менің әріптестерім нағыз досыма, сенім артар жолдастарыма айналды. Еңбектегі ортақ нәтиже мен қажырлықтары үшін оларға зор алғыс айтамын»,-деп өз ілтипатын білдірді.
Әдебиет Садықұлы – төрт бала тәрбиелеп өсірген, олардан тоғыз немере сүйіп отырған қамқор әке, мейірімді ата. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының отағасы. Бала-шағасының махаббаты мен құрметіне бөленіп отыр мерейлі жан.