Әкімшілік істі қарау барысында «Energy Service RTD» ЖШС 2022 жылдың 08 ақпанында жер қазу жұмыстары кезінде ТҚС 3303-ТҚС 3372 ҚС 10 кВ (1 кіріс) кабельдік желілерін зақымдады, бұл 2015 жылғы 30 наурыздағы №246 тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидасының 242, 243, 245 тармақтарын, 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 330 электр желілері объектілерінің күзет аймақтарын белгілеу және осындай аймақтардың шекарасында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше жағдайлары қағидаларының 20-тармағын бұзу болып табылады.
Осыған байланысты Департамент, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 802-бабының 2-бөлігін басшылыққа ала отырып, электр желілеріне жауапты ұйымның келісімінсіз электр желілерін қорғау аймақтарында жер жұмыстарын жүргізгені үшін «Energy Service RTD» ЖШС-ті Кодекстің 305-бабы бойынша, 1000 вольттан жоғары электр желілерінің зақымдануы үшін «Energy Service RTD» ЖШС-ті Кодекстің 302-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Компанияның заңды өкілі бұл құқық бұзушылықпен келісті, осыған байланысты әкімшілік іс жеңілдетілген тәртіпте қаралды. Айыппұл төленді.
Департамент барлық жеке және заңды тұлғаларға электр желілері жанында қазба және құрылыс-монтаждық жұмыс жасаған кезде Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларын және Электр желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын сақтау керектігін ескертеді.