Елорда әкімі «Астана-АЭК» акционерлік қоғамының энергия беру нысандарының жылыту маусымына дайындығы бойынша жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді. Әкімге тарату және трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі жөндеу, электр жабдықтарының қосалқы бөлшектерін ауыстыру бойынша жұмыстардың жоспарын жүзеге асырудың аралық нәтижелері туралы баяндалды. Қазіргі уақытта жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде, жоспардан қалыс қалу жоқ. Алтай Көлгінов іс-шаралар жоспарын мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, елорда әкімі трансформаторлық және тарату станцияларын, сондай-ақ электр желілерін бөгде ұйымдардың балансынан «Астана-АЭК» АҚ балансына тұрақты қызмет көрсету мен сенімді жұмысты қамтамасыз ету үшін беру жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау нысандарын тексеру барысында Алтай Көлгінов қаланың инженерлік инфрақұрылымының энергия тиімділігін арттыру мәселесіне назар аударды. Сапар барысында ол «Астана су арнасы» МКК қалалық канализациялық тазарту ғимараттарының (КТҒ) жұмысын тексерді және Талдыкөл ағынды су жинағышын жою бойынша жобаның жүзеге асырылуымен танысты. Канализациялық тазарту ғимаратының ағымдағы жұмысы туралы есепті тыңдап, Алтай Көлгінов жыл соңына дейін шыныпластиктен жасалған негізгі кәріз коллекторларын сапалы материалдан жасалған құбырларға ауыстыру бойынша жұмыс жобаларын әзірлеуді тапсырды. Бұл жүйенің сенімділігін арттыру үшін қажет. Елбасы тапсырмасымен Талдыкөл ағынды су жинағышынан жағымсыз иісті жоғалту жұмыстары орындалған. Ол көлден бұрын шыққан жағымсыз иісті жою бойынша тапсырма сәтті орындалғанын атап өтті. Алтай Көлгінов КТҒ тұнбасын кәдеге жарату үшін жобалық шешім қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, жоба биогаз өндіру бойынша жасыл технологияны пайдалана отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Әкім су тазартуды жақсартатын КТҒ-2 жаңа тазарту құрылыстарын салу қажеттігін атап өтті. Алтай Көлгінов энергия көздерін жылыту маусымына дайындау мәселесіне ерекше назар аударды. Оған ЖЭО-2-де №6 жаңа турбинаның және №8 бу қазандығының монтажы жүргізіліп жатқаны баяндалды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіледі. Жабдықтар жылу беру маусымының басына дейін пайдалануға беріледі.
Дереккөз: Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайты http://astana.gov.kz/kz/news/news/19716